Түркістан облысында 520 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Түркістан облысында 520 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап облыс, аудан аумақтарында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, жеке үйлерді, сонымен қатар облыс пен аудандарға қарасты елді-мекендер мен ауылдық округтерді түгел аралап, ондағы тұрғындар жайлы ақпарат біліп, қару иелерінің құжатын және ішкі істер органы мен деструктивті діни ағымда есепте тұрған тұлғаларға тексеріс жұмыстарын жүргізу.
Аталған іс-шараны өткізу барысында Келес аудандық ПБ қызметкерлері белсенді жұмыстар атқаруда. Алғашқы апта ішіндегі нәтижелер бойынша жалпы іс шараға 48 қызметкер жұмылдырылып, қала ішілік және аудан аумағындағы 35 әкімшілік аумақтарда, 19 739 тұрғын үйді (оның ішінде көпқабатты үйлер саны – 340) аралап , жалға берілген 15 пәтер анықталды. Аймақ бойынша тіркелген, ауыл-шаруашылығына тиесілі 42 нысан тексерілді. Сонымен қатар 19 сауда орталықтары мен базарларда рейдтер өткізілді.
Сондай-ақ көші-қон заңнамаларының талаптарын бұзған төрт шетел азаматы анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 204-бабымен (Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру бойынша Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзу) 24 азамат, 492-бабы (Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру) бойынша – 25, 434-2-бабымен (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 32 азаматқа хаттама түзілді.
Айта кетейік, “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.