Түркістан облысында 8 атты полицей жол бойын қараусыз жүрген малдардан тазартты
Түркістан облысында сегіз атты полицей жол бойын қараусыз жүрген малдардан тазартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданында күнделікті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәулік бойы қызметте жүрген полицейлер түрлі жағдайлардың алдын алып, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырады.
Бүгінде сегіз полиция қызметкері Қазығұрт ауданынан кесіп өтетін Алматы-Термез-Ташкент Республикалық маңызы бар жолдарда атқа мініп, 20-25 шақырымдай жолдың маңайындағы жайылып жүрген және жолдың қақ ортасына шығып кеткен малдарды арнайы айдап, жол жиегін тазартты. Сонымен қатар үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында иесіз жайылып жүрген малдарды қамау орындарына алып барды.
Қараусыз жүрген 40 мал иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша тиісті шаралар көрілді.
Маңызы бар жолдардың жанында және елді мекендерде шаруашылығы бар тұрғындарға Түркістан облысының полицейлері ескертеді: төрт түлікті қараусыз қалдырмаңыздар. Егер де республикалық маңызы бар тас жол бойында немесе жақын жерде қараусыз жайылып жүрген мал көрсеңіз, жергілікті атқарушы билік органдарына хабар беріңіз!