Түркістан облысында 860-тан астам құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде 860-танастам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында блок-бекеттерде 14 307 көлік тоқтатылып тексерілсе, айыптұраққа 100-ден астам көлік қойылды. Ал полицияға жеткізілген адам саны – 1 220. Облыс бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 863 жайт анықталды. Оның ішінде 47 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл салынды. 73 азаматқа ескерту беріліп, екі адам әкімшілік қамауға алынды. Бұл құқық бұзушылық жасаған азаматтардың кейбірі жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүрсе, кейбірі коменданттық сағат кезінде тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болғаны үшін жауапқа тартылған.
Оған қоса, ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабымен (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) сегіз дерек анықталды. Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша (Бейбіт митинг туралы заңды бұзу) сегіз жайт тіркеліп, бір тұрғынға ескерту берілді. Алты адам қамауға алынып, бір тұлғаға айыппұл салынды.
Ал облыс орталығы – Түркістан қаласы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 65 жайт анықталды. Оның ішінде 41 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл салынды. 20 адамға ескерту берілді. Сотта төрт іс қаралу үстінде.