Түркістан облысында алғаш рет Армениядан әкелінген көлікке нөмір берілді
Түркістан қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Армениядан әкелінген көлікке нөмір берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының тұрғыны Армениядан әкелінген көлігін ресми тіркеді.
– Мен «Opel Zafira» маркалы көлігімді 2019 жылдың желтоқсан айында алып келген болатынмын. Кеше осы бір жаңалықты естіп, көлігімді тіркеп алу үшін бүгін арнайы келдім. 10-15 минут ішінде көлігімді рәсімдеп, сары нөмірдің иесі атандым. Халықтың қалтасына да қонымды екен. 12 000 теңгеге жуық салығын төледім. Енді кез-келген жерде қорқынышсыз жүре беретін болдым. ПД мен ХҚКО-на алғысымды білдіремін, – дейді Түркістандық алғашқы сары нөмір иесі.
Осылайша, Түркістан облысында тұрғындарға Армения Республикасынан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автокөліктерге тіркеу нөмірлерін беру басталды.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев елімізде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген, тіркеу есебіне уақтылы қойылмаған автокөліктер мәселе екенін атап өтті. ҚР Үкіметі Армения Республикасынан әкелінген автокөлікті есепке қою туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстан азаматтарына көліктерін тіркеуге болады. Ол үшін мемлекеттік алым төлейсіз. Тағы айта кетер жайт, тек сол жақты көліктер тіркеуге жатады.
– Үш төлем жасалады: тіркеу үшін – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж – 3 мың 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж-7 мың 778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Тіркеу Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында иесі ретінде көрсетілмеген адамдарға жүзеге асырылмайды, – деп түсіндірді Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының аға инспекторы Жолымбек Ерғали.
Сонымен қатар көлік құралдарын тіркеу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) мемлекеттік тіркеу алымының төленгені туралы құжаттар ҚР Салық кодексінің 615-бабына сәйкес айлық есептік көрсеткіштің және мемлекеттік баждың 0,25% мөлшерінде;
3) Армения Республикасының уәкілетті органы шығарған көлік құралдарына арналған СРТС және МТНБ;
4) автокөлік құралдарын тіркеуге ұсынылған, мемлекеттік немесе орыс тілдерінен басқа тілде жасалған құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдеріне аударылған және аударманың дәлдігі туралы нотариустың немесе осындай әрекеттерді жасауға уәкілеттік берілген басқа адамның қолтаңбасы болуы керек;
5) арнайы жазбаларға келесі жазбалар енгізіледі: «TСРА» және «басқа адам үшін тіркеуге жатпайды»;
6) Қазақстан Республикасында шығарылған көлік құралында СРТС және (немесе) МТНБ жоғалған жағдайда, олардың жоғалу жағдайлары жазбаша түрде көрсетіледі;
7) МТНБ жоғалған жағдайда, көшірмесін беру бірыңғай ақпараттық жүйеге өзгерістер енгізбестен оларды жасау арқылы жүзеге асырылады.