Түркістан облысында бақташы бірнеше тұрғынның малын сатып жіберді
Түркістан облысының полицейлері бірнеше тұрғынның малын талан-таражға салған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, 14 бас саулық қойын қойшыға бағуға сеніп тапсырған. Алайда ол қойларды біреуге сатып жіберген. Осылайша жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 700 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Ордабасы АПБ полиция қызметкерлері күдікті бақташыны құрықтады. Ол осы бап бойынша бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай, күдікті малдарды сатып, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын анықтауға кірісті.
Сонымен қатар күдіктінің бұдан басқа тағы екі жайтқа қатыстылығы анықталды. Онда бір тұрғынның малын себепсіз өлтіріп қойып, бөтен бір адамның танасын орнына беріп жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығын 200 мың теңге. Енді келесі бір тұрғынның бір бас жылқысын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Мұндағы шығын көлемі 205 мың теңге. Осылайша күдікті осы уақытқа дейін тұрғындардың сеніп тапсырған мүліктерін себепсіз сатып, арам ойын іске асырып келген.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері ауылдықтарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер сізде малыңызды жоғалтып, ұрлатып алсаңыз тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.