Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бақташы сиырларды ұрлап кетті

Түркістан облысының полицейлері жәбірленушінің 1,2 миллион теңге тұратын төрт бас сиырын ұрлаған бақташыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар АПБ-ға жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Ол азаматтың айтуынша, 46 бас ірі қара малын бақташыға бағуға берген. Аптасына бір барып, сиырларын бақылап жүрген. Кезекті бір барғанында арасынан төрт сиырының жоқтығын байқаған. Содан соң олардың ұрланғанын біліп, тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1,2 миллион теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.

Отырарлық полицейлер хабар түсісімен оқиға орнына толық құрамда жедел жетіп, істің ақ-қарасын ажыратуға бірден кірісті. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, айналаны мұқият тексерді. Нәтижесінде жәбірленуші азаматтың төрт бас сиыры бақташының үйінен табылды. Осылайша күдікті анықталып, ПБ-не жеткізілді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта.

Белгілі болғандай, бақташы сиырларды күндіз жайылымда бағып, күн бата үйіне алып барған. Содан соң ірі қара малдардың ішінен төрт сиырды таңдап, өзіне иелену мақсатында олардың ен-таңбаларын өзгерткен. Алайда полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында арам ойы іске аспады.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Сондай-ақ таныс емес адамдарға малдарыңызды сеніп тапсырмауды ескертеді. Егер, сіз, мал ұрлығының болмаса өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру