Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бас полицей блок-посттарды аралады

Түркістан облысының бас полицейі Қ.Дәлбеков блок-постты аралап, жұмыстарын көріп шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Қ.Дәлбеков короновирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында республикалық маңызды жолда орналастырылған «Сауран» блок-постын тексеріп шықты. Мұндағы полицейлердің жұмыс барысын бақылап, халықтың денсаулығы мен амандығы үшін аянбай еңбек ету – әрбір полицейдің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Және тәртіп сақшыларына, әрдайым қырағылық пен төзімділік серіктеріңіз болсын деп, қиын шақта сабырлы болуға шақырды. Оған қоса, тұрғындарға Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты жаңадан енгізілген шектеулерді түсіндіріп өтті.

2020 жылдың 15 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін енгізу туралы Қаулыға қол қойды. Осыған байланысты Түркістан облысы полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызметке көшті.

Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында облыста 76 блок-пост қойылған, онда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істейді, оның ішінде екі блок-пост республикалық маңызы бар автожолдарға қойылған. Полиция қызметкерлері автокөлік ағынын, ал дәрігерлер жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығы мен көңіл-күйін тексеруде. Аталған блок-посттарда 27-наурыздан бері,  32 000-ға жуық автокөлік пен 75 000-тарта жолаушылар тексерілген.

Коронавирустың таралу ошақтарының анықталуына байланысты, 7 елдімекенге карантин енгізілді. Сондай-ақ, індеттің облысымызда көп таралған аймағы – Жетісайда,  полиция бөлімінің қызметкерлерінен 14 блок бекеттері қойылды.  

Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеуге, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тартуға, қылмысқа жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылау жасайды. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері облыс полицейлері 84 төтенше жағдай режимін бұзушылықты анықтады, азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 26-сы әкімшілік тәртіпте қамауға алынды. Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері жалған ақпарат таратудың 9 жайтын анықтады. Олардың барлығы дер кезінде ашылып, күдікті адамдар анықталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша шектеу шаралары күшейтілді.

Қалааралық жолаушылар тасымалы және автовокзалдар, автостанциялар мен теміржол вокзалдарының қызметі уақытша тоқтатылды. Дезинфекциялау режимі күшейтіліп, қалааралық автотранспорттардың жұмыс уақыты сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін шектелді. Сонымен қатар базарлардың жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасаса, көпшілік тамақтанатын орындар келушілерді қабылдамай, тек үйге тапсырыс қабылдау арқылы сағат 8.00 мен 20:00 аралығында жұмыс істейді.

Облыс тұрғындары мен қонақтары үнемі қорғаныш бетпердесін киюге міндетті, соның ішінде қоғамдық көлікте, сауда орындарында, базарларда, мекемелерде, кәсіпорындарда және үй-жайларда. Отбасы мүшелерін қоспағанда, құрамы үш адамнан аспайтын топпен ғана жүру керек. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажет.

Облыс тұрғындарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға және аса қажетсіз үйден шықпауға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру