Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында дүкенге ұрлыққа түскен шымкенттік екеу ұсталды

Түркістан облысында дүкеннен түрлі тәттілер мен сусындарды ұрлаған шымкенттік екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, түнгі сағат 01:00 шамасында Қазығұрт ауданына қарасты аймақтың бірінде орналасқан дүкеніне белгісіз біреу ұрлыққа түсіп, 500 қорап темекі мен түрлі тәттілер және энергетикалық сусындарын ұрлаған. Сонымен қатар кассадан 80 мың теңге ақшасын жымқырып, жалпы жарты миллионға жуық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден кірісті.

Аудандық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы тез арада оқиға орнына жетті. Дүкенге ұрлыққа түскен күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Жақын аумақтарды мұқият тексерді. Соның нәтижесінде күдікті ретінде екі азамат анықталды. Олар бұрын ұрлық жасағандары үшін сотты болған Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда күдікті екі азамат қамауға алынып, аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандацй күдікті екеу өзара алдын ала сөз байласып, дүкеннің терезесінің темір торын бұзу арқылы ішіне еніп, қолдарына ілінген тәттілер мен сусындарды және кассадан ақша ұрлап, екеуі бөліскен. Қолды болған заттарды Сайрам ауданының дүкендерінің біріне алып барып, арзан бағада өткізіп жіберген. Ал түскен пайданы өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға қылмыстық қолсұғушылықтан қорғанып, өз мүлкіне ұқыпты болуын ескертеді. Әсіресе, сауда орындарының қауіпсіздігі мен күзетіне ерекше мән беріп, дүкендерге мықты есік, терезелерге темір тор орнатып, ғимаратты бейнекамералар және дабыл жүйесімен қамтамасыз етуді сұрайды. Егер де сіз, ұрлық немесе тонаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру