Түркістан облысында екі қылмыс жасаған аралдық қамауға алынды
Түркістан облысында екі қылмыс жасаған аралдық қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Онда жәбірленуші азамат Mazda-626 маркалы автокөлігін сыртта қалдырып, аудан аумағындағы дүкеннің біріне азық-түлік алуға кіріп кеткен. Бірер минуттан соң шыққанында автокөлігінің жоқ екенін байқаған. Содан соң бірден 102 нөміріне хабарласып, көлігімді ұрлап кетті деп арызданып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде арада жарты сағат өткенде аудан көшелерінің бірінен жәбірленушінің көлігі табылды. Осылайша Ордабасы АПБ-нің полиция қызметкерлері күдікті ретінде Арыс ауданының тұрғынын құрықтады. Оны бірден ПБ-ға жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті өзінің таныстарымен бірге отырып, ішімдік ішкен. Содан соң танысының бірінің қалтасында болған 45 000 теңгесін алып, дүкенге келген. Аталған дүкеннің алдында тұрған автокөлікті көріп, мініп кеткен. Полиция қызметкерлері күдіктіні аудан аумағынан шықпай жатып, қолға түсірді. Осылайша күдікті ер адам ҚР ҚК-нің екі бірдей бабы бойынша қамауға алынды. Яғни, жоғарыда көрсетілген ҚР ҚК-нің 200-бабы және 191-бабы (Тонау). Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде