Түркістан облысында екінші рет мас күйде көлік басқарған ер адам қамауға алынды
Түркістан облысында екінші рет мас күйде көлік басқарған ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын бақылау мақсатында жұмыс жүргізеді. Осындай кезекті шара кезінде полицейлер мас күйде көлік жүргізген ер адамды анықтады.
Нақтырақ айтсақ, тәжірибелі тәртіп сақшылар күндізгі сағат 10:00 шамасында Тоқсансай – Шұбар тас жолының бойында қауіпсіздік белдігін тақпаған Opel Vectra автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның осыдан бір жыл алдын мас күйде көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар полицейлер оның тағы да мас халде екендігіне күдіктеніп, бірден сараптама тағайындады. Нәтижесінде жүргізушінің алкогольді мас халде екендігі анықталды. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.