Түркістан облысында елордада өткен волейбол жарысынан жүлделі оралған полицейлер марапатталды
Түркістан облысында елордада өткен волейбол жарысынан жүлделі оралған полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері әрдайым спортты серік етіп, онымен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл әрекет тәртіп сақшыларының сүйікті ісі, әрі қызмет бабында әрқашан сергек болуы үшін аса қажет қасиет. Спорттың барлық түрін жанына серік еткен сақшылар наурыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен кезекті байқаудан жүлделі оралды.
Нақтырақ айтсақ, күштік құрылым қызметкерлері арасында волейболдан үлкен жарыс өтті. Жарысты өткізудің негізгі мақсаты –қатысушылардың спортқа деген құлшынысын арттыру, олардың салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі ширақ, кез келген жағдайда дайын күйде жүруін қамтамасыз ету.
Жарыста әрбір спортшы полицей өзіне берілген міндеттерді зор сеніммен алып шықты. Соның нәтижесінде, ҚР Ішкі істер министрлігінің атынан қатысқан команда волейболдан І-ші орынды иеленіп, грамота және арнайы кубокпен марапатталды. Команда мүшесі ретінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бес бірдей қызметкері қатысып, жеңісті ойын үлгісін көрсеткені.
Спортты серік етіп, онымен қоймай республикалық байқаудан жеңіспен оралған түркістандық полицейлерді Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов арнайы қабылдап, марапаттады.
– Құрметті жеңімпаз полицейлер! Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын. Әрдайым осылай тек биіктен көрініңіздер. Өздеріңізге міндеттелген қызметті абыроймен алып шығып, ел үшін еңбек ете беріңіздер! Біз сіздермен мақтанамыз, – деп атап өтті облыстың бас полицейі.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болған полицейлер қатарында команда капитаны Самат Дүкенов, Асқар Ибрагимов, Абдуқұрман Тінәлиев, Болат Ділдахандар бар. Марапат иелеріне салтанатты түрде арнайы медальдар табысталды. Сондай-ақ, осы турнирде «Үздік байланысшы» номинациясын Асқар Ибрагимов иеленіп, аталмыш полицей грамота, кубокпен марапатталды.
Жалпы Түркістан облысының полицейлері бұдан бөлек талай спорттық байқаулар да топ жарып келеді. Сондай жарыстың бірі Өскемен қаласында өткен болатын. Онда ерлер және әйелдер арасында жекпе-жектен жарыс ұйымдастырылды. Чемпионатта Түркістан облысы атынан 70 келі салмақ дәрежесінде полицей Темірлан Рахым қатысып, ІІІ-ші орынға ие болды. Ал Семей қаласында 88 келі салмақ дәрежесінде жауынгерлік самбодан бақ сынаған полицей Бексұлтан Оразымбет, ІІ-ші орынды қанжығасына байлап Азия чемпионатына жолдама алды.