Түркістан облысында ер адам танысын жарты млн теңгеге алдап кетті
Түркістан облысында ер адам танысын жарты млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Оның айтуынша, жақын танысы үйдің құжаттарын жасап беремін деп сан соқтырып кеткен. Яғни, таныс азамат өткен жылдың шілде айында аталған жұмыс бойынша жәбірленушінің 500 мың теңгеге жуық ақшасын алған. Алайда осы күнге дейін не құжатын жасап бермеген, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобының шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, бұл жайтқа қатысы бар деген күдікпен Түлкібас ауданының тұрғыны ұсталды. Ол полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен тұрғынның ақшасын алғанын мойындады. Заңсыз әрекет жасау үшін алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.