Түркістан облысында ер адам жасөспірім қызды зорламақ болған
Түркістан облысының тұрғыны 13 жастағы қызды зорламақ болған күдіктіні оқиға орнында ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгін Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Асылжан Қалдарбеков департаменттің мәжіліс залында Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта жасөспірім қызды зорламақшы болған тұрғынды ұстап, күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлын құрметті қонақ етті. Сондай-ақ, қылмыстың алдын алғаны үшін алғыс айтты.
Оқиғаны тарқатып айтар болсақ, жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалған. Осы сәтте жалғыз үйіне қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың соңынан аяқасты белгісіз еркек шығып, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан. Онымен қоймай бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатады. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асығады. Осы кезде екі адамның арпалысып жатқан бейнесін сол аймақтан әйелімен бірге өтіп бара жатқан тұрғын байқап, бірден көмекке ұмтылады. Күдіктіге не істеп жатсың деп жүгіріп келе жатқанын көрген ол қаша жөнеледі. Содан тұрғын жерде жатқан қыздан жағдайын сұрағанында, оған күш көрсетіп, ұрып-соққанынан хабардар болады да, бір сәтке ойланбастан, қашқан күдіктінің соңынан ілеседі.
100 метрдей қашып үлгерген күдіктіні қуып жетіп, оны полицияға тапсырады. Қызды зорламақ болған ер адамнан құтқарып, көмек қолын созған Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы сол сәтте өзінің өміріне қауіп төнерін білсе де, батылдық танытты.
– Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып көше маңынан екі адамның ұрысып-төбелесіп жатқан көріністі байқадық. Біріне көмек қажеттей сезілді. Бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім, алайда күдікті мені көрді де қашуға әрекеттенді. Бірақ оның жас қызға тиіспекші болғанын білгеннен кейін ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрдей қуып отырып, ақыры ұстадым. Полиция шақырып, оны тапсырдық. Негізінде менің қызметімде үнемі осы полицейлермен, оның ішінде жергілікті полиция қызметімен байланыста боламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелет жасына толмағандардың ісі, олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу күн тәртібімізден түскен емес. Сондықтан менің орнымда басқа біреу болса да, осылай көмектесер еді дегім келеді. Бұл менің азаматтық борышым деп білдім. Ең бастысы қыздың жағдайы жақсы. Оған ештеңе болмады, – деді бейбіт күннің батыры.
Оқиға орнына полицейлер барып, мән-жайды анықтады. Бүгінде күдікті қамауда. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі (Зорлау) және 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.