Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында есірткі сататын сайтты жарнамалаған екі күдікті оқиға орнында ұсталды

Түркістан облысында есірткі сататын сайтты жарнамалаған екі күдікті оқиға орнында ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен есірткі құралдары мен психотроптық заттардың жарнамасы бар граффити-суреттерді жоюға байланысты бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Учаскелік полиция инспекторлары және еріктілер де жұмылдырылуда. Аталған қызметкерлер Түркістан қаласындағы көшелерге шығып, синтетикалық есірткі ұсынатын интернет-сайттың жарнамасын таратқандарды анықтау бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізуде.

Нәтижесінде полицейлер есірткі психотроптық заттарды жарнамалап жүрген 2 ер адамды ұстады. Оның біреуі сотты болған Нұр-Сұлтан қаласының, ал екіншісі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Түркістанға жұмыс істеуге келген екеу, ғаламтор сайттары арқылы есірткі затын өткізу және оларды пайдалану, еліктіруге қатысы бар жарнамаларды таратып жатқан жерінен анықталды. Оларды ұстау кезінде трафарет пен аэрозоль бояу баллондары тәркіленді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 299-1-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша тіркеуге алынды. Күдікті ер адамдардың бас шарасы «келу туралы міндеттемеде». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ескерте кететін жайт, егер осындай заңсыздықтар, оған қоса есірткі жарнамалайтын сайттар анықталған жағдайда, олар заңға сәйкес жойылып, сайттар мен жазуларды жасауға қатысы бар тұлғалар ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан өзіңіздің болашағыңыз, деніңіздің саулығы үшін зиянды әрекеттерге жоламай, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар. Қандай да бір есірткі граффиттерінің ісіне куә болсаңыз, селқостық танытпай, әр жайт бойынша тез арада «102»-ге хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру