Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағаштық пәтер ұрысы қолға түсті

Түркістан облысының полицейлері пәтер ұрлығын жасаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, түнгі сағат 23:00 шамасында үйіне белгісіз азамат жасырын кіріп, ақша және көрпе-төсектер мен ерлер күртешесін ұрлап кеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетті. Ұрлық жасаған күдіктіні қолға түсіру мақсатында жедел шаралардың барлығын жүргізді. Айналаны шолып, көрген-білгендерден жауап алды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын ұсталды. Ол бұрын сотты болған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. 

Белгілі болғандай күдікті азамат көшеде келе жатып, жәбірленушінің үйінің есігіндегі құлыпты көрген. Содан соң үйде адамның жоқтығын біліп, оңай жолмен ақша табуды көздейді. Осылайша үйдің терезесін бұзу арқылы ішке енген. Барлық бөлменің астан-кестеңін шығарып, бөлмедегі паластың астында тұрған ақшаны, көрпе-көрпешені және күртешені алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды болған ақшаны жаратып, заттарды бөтен біреудің көріп қоймасы үшін ауласына өртеп жіберген. 

Түркістан облысы полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар дүкенді ашық күйде қалдырмай, есік-терезелердің жабылғандығына толық көз жеткізіп алыңыздар. Ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның “102” телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру