Түркістан облысында ІІО-на үміткерлерді қабылдау өтті
Түркістан облысында ІІО-на үміткерлерді қабылдау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бастамасымен ІІО-на қатарына үміткерлерді қабылдау үшін ПД жанынан ашылған азаматтарды қабылдау бөлмесінде «Ашық есік күні» іс-шарасы өткізілді.
Мұнда Түркістан облысы ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров аталмыш шараға келген әр үміткерлерді жеке қабылдап, ішкі істер саласына қызметке орналасудың тәртібін түсіндірді.
Сонымен қатар, алдағы уақытта полицей болғысы келген азаматтарға бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Шараға небәрі бір сағат ішінде 50-ге жуық жас буын өкілдері келіп, өздерінің сауалдарына толыққанды жауап алды. Осы тұста айта кетер жайт жастардың басым көпшілігі жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа өз қызығушылықтарын танытып, жұмысқа кіру жолдарын сұрады. Сондай-ақ, учаскелік полиция қызметі мен патрульдік полиция қызметі бойынша да сауалдар түсті.
Түркістан облысында «Ашық есік күні» өтетіндігі туралы хабарландыруды ПД-нің ресми Facebook парақшасынан көрген Шымкент қаласының тұрғыны Ақмарал Нұрділдә арнайы келгенін айтты. Оның бала күнгі арманы ішкі істер саласында жұмыс жасап, тұрғындардың тыныштығын күзету болған. Ол хабарландыруды көрген бойда бірден шешім қабылдап, жолға шығуға дайындалған. Осындай арманның жетегіне еріп келген Жамбыл облысының жастары да табылды.