Түркістан облысында кабель мен бұрғылағыш аппаратын ұрлаған екеу ұсталды
Түркістан облысының полицейлері кабель мен бұрғылағыш аппаратын ұрлаған екі күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреулер үйіне заңсыз кіріп, 100 метрлік кабельді және бұрғылағыш аппараттарын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 300 мың теңгеге жуық.
Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті. Ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, күдікті болып көрінген азаматтардан түсінік алды. Нәтижесінде, осы жайтқа қатысы бар күдікті екі ер адам ұсталды.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қазіргі таңда күдікті екеу қамауға алынып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.