Түркістан облысында кәмелетке толмағандар бойынша 2020 жылы 46 бала жоғалған
Түркістан облысының полицейлері 2020 жылы жоғалған 46 баланы тауып, жанұяларына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері қашанда жақынын жоғалтып, жаны қиналғандарды қуантуға барын салып келеді. Қандай да бір тұрғынның жоғалғаны жөнінде хабарлама алысымен, оның аман-есен табылуына ықпал етеді. Мысалы, кәмелетке толмағандар бойынша 2020 жылы 46 бала жоғалған. Оның ішінде бір тәулік ішінде 42-сі табылған. Қалған төртеуіне іздеу ісі арналып, соңында табылып ата-аналарына, отбасына қайтарылған. Балаларымен қайта қауышқан жақындары әрдайым полицейлерге шынайы ризашылықтарын білдіріп келеді.
Осы тұста полицейлер:
– Балалардың ата-аналарынан хабар түссе, бірден іске кірісеміз. Өйткені бала жоғалды десе, жүрегіміз езіледі. Өздеріңіз көріп отырғандай, қоғамда қаншама қиын жағдайлар орын алуда. Дегенмен Түркістан облысында жоғалған балаларға қатысты жайттардың барлығы тәртіп сақшыларының табанды әрекетінің арқасында жақсы аяқталып, балалар аман-сау күйінде табылады, – деп атап өтті.
Осыған орай мысал ретінде келтіретін болсақ, 2020 жылдың желтоқсан айында екі бала із-түзсіз жоғалып кетіп, Түркістан облысының жұртын дүрліктірген болатын. Бұл туралы олардың анасы Арыс аудандық полиция бөліміне арызданған. Арыз бірден тіркеуге алынып, ауа райының құбылуы мен қос балақайдың жас шамасы ескеріліп, оларды тез арада табу үшін Түркістан облысы Полиция департаментінен тәжірибелі полицейлер, яғни Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аттанған. Оған қоса жан-жаққа балалардың айрықша белгілері бойынша хабарламалар таратылған. Әскерилер мен еріктілер де жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде, бір тәуліктен соң екі баланы Арыс АПБ ювеналды полиция тобының инспекторлары қора-жайдан 10 шақырым жердегі шұңқырдан тауып, анасына табыстаған.
Негізінде жоғалудың себептері әртүрлі болып келеді. Олардың жастары мен әлеуметтік статустары да әр алуан. Бірі – аулада ойын ойнап жүріп, үйінен алыстап адасып кеткен балақайлар болса, кейбірі – үйінен қашып кеткен жасөспірім, ал енді бірі – күнкөріс қамымен басқа жаққа кеткендер.
Келесілерінде отбасылық түсінбеушілік салдарынан ерлі-зайыптылардың бірі ренжіп кетіп қалу жайты кездессе, кейбіреуінде жаңадан махаббат іздеп, жасырынғандары да болады екен. Жасөспірім қыздардың әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітпен кездесуге кететін жайттар да бар.
Осы санаттағы адамдарға талдау жүргізген полиция қызметкерлері оларды бірнеше топқа бөлген. Оның ішіне психикалық ауытқушылықтары бар адамдарды да қосыңыз. Жоғалудың тағы бір себебі – ойынқұмарлық. Компьютер клубтарында 2-3 күндеп ойнап, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейтін күйеулер де бар. Мәселен, естеріңізде болса, Түркістан облысының полицейлері үш күн бойы хабарсыз кеткен азаматты тәулік ішінде Шымкенттен тапқан. Нақтырақ айтсақ, Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын күйеуі үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп із-түзсіз жоғалып, табылмай жатқандығын хабарлаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары бірден тіркеуге алды. Азаматты табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Жедел шаралардың арқасында түлкібастық полицейлер азаматты Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерден тапты. Жоғалған тұрғынның құмар ойын ойнап, қыдырып жүргендігі белгілі болды. Әйелі күйеуінің дін аман табылғанына қуанып, полицейлерге ерекше алғыстарын жеткізді.
Одан бөлек, психикалық ауытқуы бар жандардың да жоғалу жайттары кездесіп жатады. Мәселен 2021 жылы қаңтар айының 11-і күні Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, Шымкент қаласынан қыдырып келген туысы сыртқа шығып кетіп, қайта келмегенін айтады. Полицейлер тез арада жоғалғанды табуға кіріседі. Нәтижесінде 2-3 сағат ішінде Арыс АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Төлеген Рысбеков оны тауып, жақындарына жеткізді. Туыстары тәртіп сақшыларының қырағылығына шынайы алғыстарын білдірді.
Жалпы, жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Сондықтан, бір-бірімізден алыстамай, қамқор болып, барлық жағдайда түсіністікпен қарап үйренейік. Кішкентайларымызды бақылаусыз қалдырмайық!