Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық сақшы “Халық алғысы” медалімен марапатталды

Сайрамдық сақшы “Халық алғысы” медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай кезінде коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түсіп, қызметтік міндетін адал орындағаны үшін Түркістан облысы Сайрам ауданы Полиция басқармасы ЖПҚБ-нің учаскелік полиция инспекторы Елепберген Шалхар “Халық алғысы” медалімен марапатталды.

Өздеріңізге белгілі, коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде, полицейлер мен медицина қызметкерлеріне артылған міндеттің жүгі ауыр болды. Десек те халық үшін қызмет етуге әзір мамандар өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарды. Осы қиын кезеңде, яғни карантин уақытында күшейтілген режимде халықтың саулығы үшін күні-түні кірпік ілместен блок-бекеттерде тұрып, шаршамастан қызмет еткен жанның бірі осы – Шалхар Жұмабекұлы. Үш ай бойы отбасын, өз денсаулығын былай ысырып қойып, блок-бекетте індеттің таралмауына септігін тигізді.
Жалпы Сайрам ауданының шекарасынан тыс жерлерде көлік құралдарының кіріп-шығуын бақылау және шектеу үшін 13 блок-бекет құрылған. Сонымен қатар, аудан аумағындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін патрульдер мен тосқауыл постарының жұмысы күшейтілген. Аталған пандемиямен күресте белсенділік танытқан қызметкер, еңбегінің ескерілгеніне риясыз алғысын жеткізіп, Қазақстан Республикасы үшін қалтқысыз қызмет етуге уәде берді. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі карантин кезінде де жалғасып, тәртіп сақшылары Бас санитарлық-дәрігердің қаулысына сәйкес талаптардың сақталуын назардан түсірген емес.

Әлемді дүрліктірген індетпен күресуде полицей еңбегінің жоғары бағалануы- ТО ПД үшін де үлкен мақтаныш. Негізінде еңбек жолын 2008 жылы ОҚО ІІД-нің жедел басқару орталығында бастаған Шалхар өз таңдауына аса жауапкершілікпен қарайтын жан. Бала кезден тәртіп сақшысы болуды армандаған ол, бүгінде Сайрам ауданы Полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы лауазымында абыройлы қызмет атқаруда. Жұбайы Индира Артықбайқызымен 2010 жылы отау құрған. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы әке, асыл жар, парасатты полицей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру