Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жерлестеріне алғыс білдірді

Түркістан облысының полицейлері жерлестеріне алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күн жылынып, наурыз айы да келіп жетті. Мерекеге толы бұл айдың алғашқы күні ерекше күн. Себебі 1 наурыз Алғыс айту күні. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшылары, осы сәтті пайдалана отырып, барша ел тұрғындарын мерекемен құттықтады. 

Нақтырақ айтсақ, Түркістан ҚПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Мұхтар Ерманов өз аумағындағы ақ жаулықты аналарды көктем мерекесімен құттықтады. Себебі үлкендер үнемі учаскелік полицеймен байланыста болып, қандай да бір мәселе шықса, бірлесіп шешуге ат салысады.

– Сіздерге өздеріңіздің учаскелік инспекторларыңызбен тығыз байланыста болып, тұрғылықты аймақтарыңызда береке, бірлікті сақтап отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Қарт – елдің қазынасы, жол көрсетіп отырар сіздердей қарияларымыз аман болсын, – деп М.Ерманов атап өтіп, аналарымызға тәттісін тарту етті.

Одан бөлек, Түркістан ҚПБ патрульдік полиция қызметкері Естай Оспанов жыл басынан бері ешқандай әкімшілік құқық бұзушылық жасамаған жүргізушіге алғыс айтып, сый-сияпатын жасады.

Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – тек аула сыпырушының ғана емес, баршамыздың басты борышымыз. Осыны алға тартқан полицей тазалық жұмыстарымен айналысатын жұмысшы әйелге шынайы алғысын білдірді.

– Тәртіптің бастауы – тәрбие. Түркістанды түрлендіруде сіздердің, яғни өңіріміздің тазалықшыларының тынымсыз еңбек етуінің үлесі көп деп айта аламыз. Сіздер таңертең елден ерте тұрып, қала мен оның тұрғындарының лас жерлерде жүрмеуі үшін тырбанып еңбек етесіздер. Сол үшін сізге қала тұрғыны ретінде алғыс айтамын, –  деп ақжарма тілегін жаудырды полицей.

Ғалым да, шахтер да бас иетін ұстаздар да Түркістан полицейлерінің назарынан тыс қалмады.

– Қызымды біліммен сусындадып, тәрбие беріп жатқан ұстаз Шарипа Пірімбетоваға алғысымды білдіремін, – Түркістан ҚПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әселхан Божикенова сыйлығын тапсырды.

Түркістан облысының полицейлері еліміздің барша тұрғындарына алғыс айтып, әр шаңыраққа шаттық, молшылық пен береке тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру