Түркістан облысында кезекті рет көкпар ұйымдастырғандар анықталды
Түркістан облысында кезекті рет көкпар ұйымдастырғандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері карантин талаптарының сақталуы бойынша күнделікті қарқынды жұмыс атқаруда. Тәртіп сақшылары Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын негізге ала отырып, бетперде тағып жүру, арақашықты сақтауды бақылауда ұстауда.
Осындай кезекті рейд барысында Кентау қаласының полицейлері мобильдік топпен бірге Қарнақ ауылына қарасты жайылымда «Көкпар» ойыны өтіп жатқаны, оған 200-ге жуық адам жиналғанын анықтады. Полиция қызметкерлерімен бірден көкпарға жиналған қауым тарқатылды. Мобильдік топ белгіленген талапты сақтамай, көкпарға қатысушы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Одан бөлек, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берген көкпар тойының иесі мен ұйымдастырушысына ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жолданып, айыппұл салынды.
Сонымен қатар алдағы уақытта да осындай жайттарға жол бермес үшін карантин талаптарының сақталуы бойынша жүйелі жұмыстар күн тәртібінен түспейтін болады.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарын сақтап, бетперде тағып, арақашықты сақтап, үнемі антисептик қолданып, адамдар көп болатын орындарға бармауға кеңес береді.