Түркістан облысында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен жігіт ұсталды
Түркістан облысында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреу терезе арқылы заңсыз кіріп, 200 мың теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын, күйеуінің аяқ-киімдерін ұрлаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында шұғыл жедел-тергеу тобы құрылды. Олар көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды аралап шықты.
Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлерімен жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты. Кінәсін мойындаған жігіт өз еркімен ұрлаған аяқ-киімді полицейлерге тапсырды, ал ақшаны өз қажеттілігіне жаратып үлгерген.
Белгілі болғандай, ұрлық болған күні үйде ешкім болмаған. Осыны пайдаланған жігіт ашық тұрған пластик терезе арқылы үйге заңсыз кіріп, қолына ілінгенді жымқырып кеткен. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».