Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлығы азайған

Түркістан облысында мал ұрлығы өткен жылға қарағанда едәуір азайған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлерінің қарқынды жұмыс жасауларының арқасында қазіргі таңда мал ұрлығы едәуір төмендеген. Өткен жылға қарағанда 52,1%-ға азайып отыр. Оған дәлел, 2019 жылы осындай жайтпен 641 дерек тіркеліп, ашылу мөлшері 55,8 %-ды құраса, 2020 жылы 307 жайт тіркеліп, орын алған қылмыстардың ашылуы 68,8 %-ға артады. Сонымен қатар жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 25 қылмыстық топ құрықталып, 84 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың 147 мал ұрлығына қатысты екені анықталды. Жалпы облыс бойынша 1317 төрт түлік ұрланса, оның ішінде 502 ірі қара малдар өз иелеріне қайтарылған.

Мал ұрлығының басым көпшілігі тұрғындардың салғырттығынан болып отыр. Сондықтан жайылымдарға қараусыз жіберілген малдардың жиі ұрланатыны белгілі. Мәселен, Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша мал жайылымынан бір бас айғыры белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін көрсеткен. Осы жайтқа байланысты Арыс АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал таситын автокөліктерді және үй малын сататын орындарды тексерді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері жоғалған айғырды бес шақырымдық жерде жайылып жүрген жерінен тауып, иесіне қайтарды.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары кез келген қылмысты, болмаса ұрлықты ашу мақсатында тиянақты жұмыстар атқарып, табылуы мүмкін деген аймақтардың барлығын жіті бақылайды. Ізбе-із жүріп, алқаптар мен таулы аймақтарды да шолып шығады.

Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдайтын көліктер де мал ұрлығы қылмысының орын алуына себепкер болып жатады. Осыған байланысты облыс полицейлері қылмыстардың алдын алу үшін рейд кезінде мал тасымалдайтын жүк көліктері мен автокөліктерді, мал сойып ет өңдейтін орындарды да тексеруде.

Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру