Түркістан облысында мас халде көлік басқарған жүргізуші анықталды
Полиция қызметкерлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің қызметкерлері күнделікті рейд жұмыстарын атқарып, жол қозғалысы ережесінің сақталуын бақылауда. Кезекті жұмыс күнінде жол сақшылары бұрында мас халде көлік құралын басқарғаны үшін автокөлік басқару құқығынан айрылған жүргізушіні анықтады.
Алкогольдік ішімдік ішкен көлік жүргізушісін полиция қызметкерлері жол бойында тоқтатып, құжаттарының жоқтығын, сонымен қоса мас халде екендігін анықтаған.
Жүргізушіні «психикалық белсенді зат пайдалану және мас болу фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудың» қортындысына сәйкес (Алкогольдік масаң күйі орта дәрежеде) деп танылған.
Көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Бас шарасы «келу туралы міндеттемемен» босатылды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын есте шығармағаны жөн.