Түркістан облысында медицина қызметкерлерінен 32 млн теңге бопсалаған күдіктілер қолға түсті
Түркістан облысында медицина қызметкерлерінен 32 млн теңге бопсалаған күдіктілер қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері бірлесіп жүргізген операцияның нәтижесінде, қылмыстық топтың жолына тосқауыл қойылды. Нақтырақ айтсақ, күдіктілер жүйелі түрде Мақтаарал және Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қызметкерлерінен олардың қаржылық қызметі туралы мәліметтерін таратып, жала жауып, оны жариялау қаупін төндіріп, ақша бопсалаумен айналысқан. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов айтып берді.
– Криминалдық полиция басқармасына медицина мекемесінің бірінің қызметкері шағымданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер жалған мәліметтерді таратып жариялаймыз, сондай-ақ бақылаушы органдардың жоспардан тыс тексерулерін ұйымдастырамыз деп бопсалап, 32 млн теңге талап еткен. Аталған жайт біздің полицейлермен бірден ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алынды. Қылмыстық топты ұстау және қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы бойынша ПД КПБ мен ҚР ҰҚКД қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, кезек күттірмейтін тергеу жұмыстарын кешенді жүргіздік. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жетісай қаласындағы кафелердің бірінде ірі көлемде ақша қаражатын бопсалап алып жатқан Жетісай қаласының тұрғынын, яғни күдіктіні ұстадық. Ұсталған күдіктіден айғақты зат ретінде 32 млн теңге көлемінде ақша тәркіледік. Бұдан әрі Шымкент қаласындағы мекемелердің бірінің жанындағы тергеу әрекеттерінің нәтижесінде, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері, ҰҚКД қызметкерлері және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бірлесіп, екінші күдікті, Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстадық. Бүгінде күдікті екеу уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Қ.Сахов.
Айта кету керек, аса ауыр қылмыс үшін 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.