Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жасаған күдікті анықталды
Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жасаған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Орта жастағы әйелдің айтуынша, оны танысы мүгедектікке шығарып беремін деп алдап кеткен. Сеніміне әбден кірген алаяқ одан 100 мың теңге ақша алған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын, тұрғылықты мекенжайын анықтады.
Күдікті ретінде жұмыссыз жергілікті тұрғын анықталып, ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Полиция қызметкерлері күдікті әйел адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері сенімсіз, күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға ақша бермеуге кеңес береді.