Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды, — деп хабарлаймыз Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық әкімдік пен басқа да тиісті сала мекемелерінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында “Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне” орай бір айлық іс-шараның ашылу жиыны өтті.

Шараға оқушылар, студенттер және облыс орталығының тұрғындары қатысты. Ауқымды жиынды Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманбек Сахов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып берді. Сондай-ақ спортшылар сөз сөйлеп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жауынгерлік әдіс-тәсілдерін көрсетсе, кинолог мамандар қызметтік иттермен түрлі жаттығуларын жасады.

— Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Осыретте ҚР ІІМ-нің Профилактика жылы аясында департамент бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен өңірде есірткіге қарсы күрес, жастарды қолдау жұмыстары қарқынды жалғасуда. Сондықтан баршаңыздың есірткісіз қоғам құруға шақырамыз, — деді Қ.Сахов.

Акция аясында полиция тарапынан түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, концерттік және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды.

Мақсат — өскелең ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, жастарды нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы тұруға шақыру.

 Айта кетсек, 2025 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымының 139 фактісі анықталды. Оның ішінде есірткі сатудың 18 фактісі тіркеліп, заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.

Шара соңында облысқа белгілі әншілер мен жас спортшылар өнер көрсетіп, жиынның ерекше өтуіне үлес қосты.


Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру