Түркістан облысында оңай жолмен олжалы болғысы келген тұрғын алаяққа алданып қалды
Түркістан облысында оңай жолмен олжалы болғысы келген тұрғын алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы белгісіз азаматша ақшаңды құмар ойын арқылы көбейтіп беремін деп алдағанын көрсеткен. Яғни, күдікті салған ақшаң еселеп қайтарылады деп сендіріп, 100 мың теңге ақша алған.
Алайда күдікті арада біршама уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын бірден полицейлердің көмегіне жүгінді.
Аталған дерек ҚК-ның 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке басы анықталды.
Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған күдіктіні ұстау бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде, алаяқ әйелдің Сайрам ауданының тұрғыны екені белгілі болды.
Полицейлер күдіктіні ПБ-ға жеткізді. Тәртіп сақшылары алаяқ азаматшаның бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.