Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйелді жедел перзентханаға жеткізді
Түркістан облысында полиция толғағы қысқан әйелді уақытында перзентханаға жеткізіп, алғыс арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы — Ташкент — Термез тасжолында қызметке түскен облыстық полиция батальонының қызметкерлері Мақсат Шорманов пен Бақыт Оразбаевтан Шымкент бағытына қарай бет алған Lada автокөлігінің жүргізушісі көмек сұрады. Жетісайлық тұрғынның айтуынша, көліктегі жүкті келіншегінің жағдайы ауыр болған. Полицейлер бірден көмек қолын созды.
Осылайша, тәртіп сақшылары жұбайының толғағы қысып, перзентханаға асығып бара жатқан ер адамның көлігін ілесіп жүру арқылы жылдам әрі кедергісіз перзентханаға жеткізді. Ер азамат полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сол күні әйел аман-есен босанып, қыз баланы дүниеге алып келді.