Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер заңсыз құм-тас өндіру жайтын анықтады

Түркістан облысында полицейлер заңсыз құм-тас өндіру жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД ЖПҚБ-ның табиғатты қорғау тобының полиция инспекторлары 2021 жылдың 16-17 маусым күндері аралығында Келес өзені бойынан жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау бойынша рейдтік іс-шара өткізді. Ондағы негізгі мақсат – облыс аумағында табиғат қорғау заңнамаларын бұзуды анықтау, алдын алу жұмыстарын жандандыру болып табылады.

Іс-шара барысында күндізгі уақытта полицейлер Қазығұрт ауданы Айнатас елдімекені тұсынан өтетін Келес өзені жағасынан құм-тас қоспасын заңсыз артып шығып келе жатқан КамАЗ-5511 маркалы жүк көлігін анықтады. Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабында (Жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу) бойынша тіркелді. Жинақталған іс-құжаттар құқық бұзушыны көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін, Экология департаментіне жолданды. Анықталғандай, табиғатқа залал келтіруші Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау, алдын алу бойынша Қазығұрт ауданында мобильдік топ жұмыс атқаруда. Олармен күнделікті тексерулер жүргізіліп, егер жер қойнауына қатысты құқық бұзушылықтар анықталса, облыс әкімдігінде құрылған жұмыс тобына ақпарат беріп, тиісті шараларды қолдануда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын айтып, заңсыздыққа бармауға және жол бермеуге шақырады!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру