Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері 800 мың теңгеге жасалған интернет-алаяқтықты ашты

Петропавл полицейлері 800 мың теңгеге жасалған интернет-алаяқтықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері интернет-алаяқтықты ашты. Жәбірленуші сәуір айында арызданған болатын. Ол көтерме бағамен балалар киімін алмақшы болады, Instagram әлеуметтік желісіндегі пабликтердің бірінде хабарландыруды көреді. Әйел “сатушыға” 800 мыңнан астам теңге аударады, кейін алаяқ байланысқа шықпай қояды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары қылмысқа Алматы облысының 23 жастағы тұрғынының қатысын анықтады. Полицейлер күдіктіні қызметтік іссапар барысында ұстады. Қазіргі уақытта петропавлдық полицейлер күдіктінің басқа қылмыстарға қатысын анықтау үшін материалдарды оңтүстік астанадағы әріптестеріне тапсыруға дайындауда.

– Адамдар интернет арқылы заттарды сату және сатып алуға қатысты сақ бола бастағанымен, алдын ала төлем талап етумен байланысты алаяқтық фактілері әлі күнге дейін кездеседі, – дейді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин. – Желіде ұсынылатын тауар мен қызметтерді тексеру, қосымша фото, бейне материалдарды талап ету қажеттігі туралы ескертеміз. Қазіргі уақытта “банкіден қоңырау” алаяқтық әрекеті аса қауіпті. Адамдарды ұсынылған шотқа ақша жіберу немесе құпиясөздерді, банк картасының сырт жағындағы cvv-кодтарын, есепшотқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да құпия ақпаратты жіберуге көндіреді. Тағы бір тәсіл – қашықтықтан қол жеткізу қосымшасын телефонға орнату туралы ұсыныс жасау, бұл қосымша арқылы қылмыскерлер ұялы телефонға, сәйкесінше, барлық шоттарға қол жеткізе алады. Бөтен адамдардың нұсқауымен белгісіз бағдарламаларды жүктемеуге және пайдаланбауға шақырамыз. Сондай-ақ, картаның нөмірі мен cvv-код сияқты құпия мәліметтерді талап ететін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеген жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру