Түркістан облысында полиция 70-тен астам малды заңды иесіне қайтарды
Түркістан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында мал ұрлығының екі фактісін ашып, жоғалған 70-тен астам малды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындарға 36 жылқы, 3 сиыр және 33 бас ұсақ мал қайтарылды.
Мәселен, полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданында мал ұрлығына күдікті екі жас жігітті ұстады. Олар жергілікті тұрғынның қорасынан 9 қой ұрлап, сатып жіберген. Шығын көлемі жарты миллион теңгеден асады.
Қазіргі уақытта мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер бұл әрекеттерін толық мойындады. Ұрланған мал заңды иелеріне қайтарылды. Олардың басқа осындай қылмысқа қатысы бар екені анықталуда.
Сондай-ақ рейдтік іс-шара барысында тәртіп сақшылары ветеринарлық инспекциямен бірлесіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 3 мыңнан астам көлік құралын, 1480 мал мен ет өнімдерін өткізу орнын тексерді. Нәтижесінде 191 құқық бұзушылық анықталды, олар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 379 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері халық арасында мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруа қожалықтарын нығайту бойынша ұсыныстар берді. Мал жаю ережелерін сақтаудың маңыздылығы атап өтіп, бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізеді.