Наурызнама: Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері шырша ағашын отырғызды
19 наурыз – Жаңару күніне орай Ақмола облысында шырша отырғызу шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
19 наурызда Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері мекеменің айналасына шыршалар отырғызды. Бұл шара Жаңару күні аясында ұйымдастырылып, жаңғыру мен жаңарудың символы ретінде жасалды.
Биыл ерте келген көктем Қазақстанның солтүстік өңірін нөлден жоғары температурамен қуантып, абаттандыру жұмыстарын бастауға және ағаш отырғызуға мүмкіндік берді. Бұл шара Наурызнаманың онкүндігінің алтыншы күніне сәйкес келіп, тіршіліктің жаңаруын білдіретін өсімдіктер мен ағаштарды жаппай отырғызуға арналды.
— Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүр бүгінгі күні де өзекті болып отыр. Өсімдікке өмір сыйлау – тірі жанға, адамға өмір сыйлағанмен тең. Өткенді еске алып, мәдени мұраны ұмытпай, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарды жаңғыртып отырғанымыз қуантады, – деп атап өтті Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация бөлімінің бастығы Бекжан Бекахметов.
Бұл шара табиғатқа деген қамқорлық пен қоғамдағы жаңару мен жетілуге деген ұмтылысты білдіреді.