Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында пробация есебіндегі азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды

Ақмола облысында пробация есебіндегі азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетау қаласындағы "Достар" мәдениет үйінде "Restart" жобасы аясында пробация қызметкерлері мен есепте тұрған азаматтардың қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараға 30-ға жуық адам қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін жолдарды түсіндіру.

Іс-шара барысында қатысушыларға өз құқықтары, заңгерлік және психологиялық көмек алу, жұмысқа орналасу, кәсіби білім мен дағдыларды меңгеру мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі несие міндеттемелері, жұмысқа орналасуға арналған квоталар және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.

Кездесуге арнайы шақырылған практикалық психолог, дағдарыстық психология және тұлғааралық коммуникациялар жөніндегі маман Бауржан Зикенов психологиялық тұрақтылықтың маңызын атап өтіп, өмірлік қиындықтарды еңсеру және өзіне деген сенімділікті арттыру жөнінде кеңестерімен бөлісті.

Сонымен қатар "Restart" қорының өкілі ұйымның қызметімен таныстырып, азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бағытындағы мүмкіндіктерді баяндады.

Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – пробация қызметінің есебінде тұрған әйелдің өмірлік тәжірибесімен бөлісуі болды. Бір кездері қиындықтарға тап болған ол пробация қызметкерлерінің қолдауы мен профилактикалық жұмыстарының арқасында өмірін жаңа арнаға бұрып, қоғамға бейімделе алған. Бүгінде ол өз кәсібін ашып, баспаналы болып, автокөлік иесі атанған.

Өз тәжірибесімен бөліскен әйел қатысушыларды қиындықтарға мойымауға, өз күшіне сенуге және өмірін жақсы жаққа өзгертуге берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Іс-шара соңында олар мамандардың байланыс деректерін алып, алдағы уақытта құқықтық, психологиялық және әлеуметтік мәселелер бойынша жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл кездесу дер кезінде көрсетілген қолдау мен сенім адамның өмірін өзгертуге және қоғамға қайта бейімделуіне жол ашатынын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру