Түркістан облысында полиция азаматтарды алаяқтардан сақтандыру үшін 10 мың жадынама таратты
Түркістан облысында полиция бір айда азаматтарды алаяқтардан сақтандыру үшін 10 мың жадынама таратып, 3 мың жапсырмалы ескерту парақ ілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері өңірде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындарда жадынамалар таратып жатыр. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары облыс орталығындағы “Қуаныш” базарында және автовокзалдарда болып, профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Жергілікті тұрғындарға алаяқтардан абай болу керектігін түсіндірді. Құжаттарына, есепшот пен қаражаттарына ұқыпты болуы қажеттігі талап етілді.
Сонымен қатар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеу туралы ескертті.
Айта кетсек, интернет алаяқтық қылмысының алдын алу мақсатында облыс полицейлері бір айда 3 мың хабарландыру парақшасын іліп, адам көп шоғырланатын орындарда 10 мың жадынама таратты.
Сондықтан ескертулерге, кеңестерге құлақ түріп, алаяқтардан абай болыңыз!