Түркістан облысында полиция екі бірдей тұрғынды интернет-алаяқтан сақтап қалды
Түркістан облысында полиция екі бірдей тұрғынды интернет-алаяқтан сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңғы уақытта Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап келді. Оның айтуынша, телефонына белгісіз нөмір хабарласып, «SIM-картасының» мерзімі өткенін хабарлаған. Оған сенген ер адам нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтқан. Десе де, артынша телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келіп, осы мәселені тексеріп беру үшін бірден полицияға жүгінген. Бақылап-өткізу бекетінде тұрған полицей Арнұр Шалқар тұрғынның хабарламасы негізінде бірінші кезекте интернет-алаяқтыққа күмәнданады.
Тексеру кезінде шынында тұрғынның атынан белгісіз біреулер несие алуға әрекет жасап жатқанын көреді. Содан жедел іске кірісіп, тұрғынның телефонынан eGov мобильді қосымшасы арқылы 6 ай мерзімге ерікті түрде несие алудан бас тарту деген бөлігін белгілейді. Нәтижесінде алаяқтық қылмысының алдын алып, тұрғынға жәрдем етті.
Жоғарыдағы жағдай қызметкердің жедел әрекеті арқасында дер кезінде тоқтатылғанымен, бірер сағаттан кейін полицияға тағы бір тұрғын дәл сондай шағыммен келеді. Алайда тексеру кезінде оның атынан белгісіз біреу 1 миллион теңге несие алып қойғаны белгілі болды. Оның атынан тағы да бірнеше банкке несиеге өтінім тасталғанын байқаған полиция қызметкері Арнұр Шалқар бұл ер адамның да телефонынан несие алудан бас тарту функциясын басып, бұғаттап береді.
Өз кезегінде тұрғындар жас та болса, қолдан келгенінше қолғабыс етіп, қылмыстың алдын алған А.Шалқарға алғыстарын жаудырды.
Қазіргі таңда алаяқтық қылмысы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.