Түркістан облысында полицияның үздік қоғамдық көмекшілері марапатталды
Түркістан облысында полицияның үздік қоғамдық көмекшілері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Профилактика жылы аясында Түркістан облысының полиция департаментінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын сақтауға белсенді қатысатын қоғамдық көмекшілерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов қоғамдық көмекшілерге құқық бұзушылықтың алдын алу ісіне және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қосқан баға жетпес үлесі үшін шын жүректен алғысын білдірді. ПД бастығы олардың қызметі қоғамдық қауіпсіздік жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара барысында облыстың аудандарынан келген 17 үздік полиция көмекшісі департамент бастығының атынан грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 426 қоғамдық көмекші жұмыс істейді және осы жылдың бес айында олардың көмегімен 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылып, 30 қылмыс ашылды. Полицейлер бірлескен күш-жігер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне оң әсер етеді деп сенім білдіреді.