Түркістан облысында притонды ұйымдастырудың екі дерегі анықталды
Түркістан облысының полицейлері «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында притонды ұйымдастырудың екі дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында заңсыз адам саудасына, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар жинақтау мен ұйымдастыруға байланысты қылмыстардың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған «STOP-трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Жүргізілген жұмыстар барысында тәртіп сақшылары ойын-сауық орындарын, монша кешендерін, қонақ үйлерді, жалға алынған пәтерлерді, сондай-ақ түрлі шаруашылық және құрылыс объектілерін тексерді.
Нәтижесінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аумақтық полиция бөлімдерімен бірлесе отырып, притон ұйымдастыру мен жеңгетайлықтың екі жайтын анықтады.
Мәселен, Сарыағаш ауданындағы сауналардың бірінде тәртіп сақшылары интимдік қызмет көрсету үшін притон ұйымдастырды деген күдікпен екі жас әйелді ұстады. Аталған жайт ҚК-нің 309-бабы (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, барлық мән-жайлар анықталуда. Аталған іс-шара барысында Түркістан облысының полицейлері 14 жеңіл жүрісті қызды профилактикалық есепке қойды.
Сонымен қатар «STOP-трафик» жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда тиісудің 12 жайтын анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты ӘҚБтК-нің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Құрметті облыс тұрғындары адам саудасымен немесе жеңгетайлықпен байланысты қылмыстар туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу 102 телефонына хабарласыңыз.