Түркістан облысында пробация қызметкерлері 10 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты
Түркістан облысында пробация қызметкерлері 10 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғыс айту күні – қазақ жерін мекен ететін халықтардың нәубетті жылдарымен тығыз байланысты. Бұл мереке биыл елімізде үшінші рет аталып өтуде. Алғыс айту күніне орай Мақтаарал аудандық пробация қызметінің қызметкерлері мен Жамбыл ауылдық округі әкімшілігімен бірлесіп, пробция есебінде тұрған жағдайы төмен он отбасыға азық-түлік таратты.
Ұйымдастырушылар көмекке мұқтаж отбасыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, оларға мерекеге арнайы жасалған азық-түліктер жиынтығынан себет тарту етті. Ал әкімшілік және пробация қызметкерлері қиын жағдайға түскен отбасыларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды.
Мұқтаж отбасы мүшелері тек бір реттік көмекпен қамтылып қоймай, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа тартылып отыр. Мұндай бір реттік көмектер мұқтаж отбасыларына теңдей жүйелі түрде үлестіріледі. Себебі мұндай жәрдемнен тұрмысы төмен отбасыларының ешқайсысы да тыс қалмауы тиіс.
– Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нартай Сабаев.
Өздеріне көрсетілген көмекке риза болған отбасылар пробация және әкімшілік қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Пробация қызметкерлері мереке сайын қайрымдылық шарасын ұйымдастырып, азық-түлік таратып тұрады. Әрине, баламның қателікке бой алдырып қылмыс жасағанына қатты қиналамын. Әрбір ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Ұлымның тәрбиелі, өнегелі адам болғанын қалаймын. Бүгінде ұлым өзінің жасаған қалегінін түсініп, жұмысқа тұрып, өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Ұлымның түзелу жолына түсуіне септігін тигізген пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді сотталған азаматтың анасы Гүлбаршын апа.