Түркістан облысында сора өсірген ауыл тұрғыны анықталды
Түркістан облысында сора өсірген ауыл тұрғыны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түскен. Әйел адам онда өз танысының есірткіге ұқсас өсімдік өсіретіндігі туралы айтқан.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша тіркеуге алды.
Осы жайтқа байланысты аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Олар күдікке ілінген азаматтың жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайына шықты. Полицейлер оның үйін тінту кезінде ауласында өсіп тұрған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Полицейлер оны айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптамаға жолдады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған өсімдіктер сора есірткі заты деп анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.