Түркістан облысында танысын алдап, атынан несие рәсімдеген алаяқ анықталды
Бірлесіп автокөлік жуу орталығын ашамыз деп танысын алдап, атынан несие рәсімдеген алаяқ анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, 2022 жылдың сәуір айында жақын танысы бірге жеке бизнес ашамыз деген сөзіне сендіріп, өзінің атынан 800 мың теңге несие алдырған. Алайда танысы ақша алғаннан кейін жасырынып, берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, полицияға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын ер адам болып шықты.
Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.