Түркістан облысында тұрғынның биесін сойып, еттерін ұрлап кеткен тұрғын қамауға алынды
Түркістан облысында тұрғынның биесін сойып, еттерін ұрлап кеткен тұрғын қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның Тасты ауылының маңындағы жайылымдық жерде жайылып жүрген биесін көруге барғанында оның басы мен терісін ғана тапқан. Содан оны белгісіз біреу сойып, етін ұрлап кеткенін айтып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 500 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1 (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті құрықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам жайылымдық жерге биені сойып, етін алып кеткен. Ол ұрлаған еттерді сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды.