Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында үш бірдей баланы қағып кеткен жүргізуші іздестірілуде

Түркістан облысында үш бірдей баланы қағып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті іздестірілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 ақпан Түркістан облысы Жетісай ауданында жасы кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.

Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жылдың 14 ақпанында Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен үш бірдей кәмелет жасына толмаған балалардың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түседі. Аталған жайт бойынша полицейлер бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай ауданындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, үш жасөспірім баланы соғып кетіп, жол көлік оқиғасын жасағаны анықталды.

Нәтижесінде үш бала да ауруханаға жеткізілген. Яғни 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен ем қабылдаса, небары төрт жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатының салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды.

Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжануда.

Сондықтан осы болжамға сәйкес Жетісай ауданындағы «Ауди-100» маркалы автокөліктер тыңғылықты тексерілуде.

Осы тұста полицейлер ескертеді, оқиға орнынан қандай жағдай болса да қашып кетуге болмайды. Сонымен қатар жол ережесін мұқият сақтау маңызды. Аталған жайтқа сәйкес сіз қандай-да бір мәлімет білсеңіз немесе оқиғаның куәгері болсаңыз полицияның «102» нөміріне, не болмаса Жетісай АПБ-ның кезекшілігіне, 87253467020, сенім телефонына, 6-70-07 хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру