Түркістан облысында заңсыз балық аулаған екеу сотталды
Түркістан облысында заңсыз балық аулаған екеу сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторлары заңсыз аңшылық, балық аулау, сиреп бара жатқан өсімдіктер мен жан-жануарларды жоюдың алдын алу, болдырмау бағытында облыстың әр түкпіріне тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Мысалы Келес АПБ-ның ЖПҚ инспекторлары, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Қаракөл көлінен заңсыз балық аулап жүрген браконьерлерді оқиға орнында ұстайды.
Хабарлама алысымен бірден жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері екі браконьердің көлден үш бума ау торымен заңсыз балық аулап жатқандарын анықтады. Айғақты зат ретінде аулар, қайық маторы, 100 келіден астам сазан балығы тәркіленіп алынды. Сондай-ақ заңсыздыққа барған жас жігіттер жергілікті тұрғындары болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілді. Жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Нәтижесінде күдікті деп танылған екі азаматқа соттың шешімімен әрқайсысына 3 жылдан шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюға заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.