Түркістан облысында жабық жолға өткен жүргізушіге айыппұл салынды
Түркістан облысында қолайсыз ауа райында жолға шығуға болмайтынын ескерткен полицейлерге бағынбаған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері заң талаптарына бағынбаған жүргізушіні, яғни облыс орталығының тұрғынын анықтады.
Оқиға Балқаш – Алматы тас жолында болған. Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары ауа райының қолайсыздығы мен қалың қар жауып, салдарынан жолдың жабық болғанына байланысты көліктегі ер адамға тоқтау туралы нұсқау берген. Алайда жүргізуші оны елемей, көлігімен өтіп кеткен.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің талабына бағынбау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Нәтижесінде құқық бұзушыға 72450 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.