Түркістан облысында жолаушыдан синтетикалық есірткі табылды
Түркістан облысында жолаушыдан синтетикалық есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне облыс тұрғындарының бірі есірткі затын сақтап, тасымалдайды деген ақпарат келіп түсті. Тәртіп сақшылары хабарлама алысымен тез арада іске кірісті.
Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау мақсатында Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент – Самара тас жолы бойында күдікті отырған Toyota Camry көлігін тоқтатты.
Жолаушыны тінту кезінде оның аяқ-киімінің ішінен қағазға оралған ақ түсті синтетикалық есірткі затына ұқсас ұнтақ тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған зат салмағы екі грамға жуық мефедрон синтетикалық есірткісі болып шықты.
Осылайша полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында есірткі қылмысына қатысы бар күдікті ұсталып, оның қылмыс жасауына тосқауыл қойылды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеп, СДТБТ-ға енгізді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тәртіп сақшыларымен анықталатын болады. Күдікті қамауда.