Түркістан облысында жолдардың қысқы маусымға дайындығы пысықталды
Түркістан облысында жолдардың қысқы маусымға дайындығы пысықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті, әкімдік пен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бірлесіп, жол және коммуналдық ұйымдардың қар тазалау жол техникасының алдағы қысқы жол-пайдалану кезеңіне дайындығына комиссиялық тексеру жүргізді.
Тексеру барысында арнайы техникалардың жай-күйі, интертті көктайғаққа қарсы материалдары мен жылыту бекеттерінің болуына ерекше назар аударылды.
Қазіргі уақытта жолдарды қысқы күтіп-ұстауға барлығы 150 бірлік арнайы техникалар мен 500-ге тарта жұмысшылар жұмылдырылған. Сондай-ақ көктайғаққа қарсы интертті материалдарды себу үшін жалпы 11012 м3 құм, 1400 тонна тұз әзірленіп, қала, аудан қоймаларына жинақталған.
Осы ретте Түркістан облысының қонақтары мен тұрғындары, қыс мезгілінің басталуына байланысты көлік жүргізушілеріне жолдарда өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдықты асырмауды, ауа-райын ескере отырып, қауіпсіз қашықтықты және арақашықтықты сақтауды ұсынады. Сондай-ақ ұзақ сапарға шығуды жоспарлаған кезде көліктеріңіздің техникалық жағдайына ерекше назар аударып, жазғы дөңгелектеріңізді қысқы дөңгелекке уақтылы ауыстыруларыңызға шақырады.