Түркістан облысында жыл басынан бері 48 көкпар ойыны тоқтатылған
Түркістан облысының тәртіп сақшылары жыл басынан бері 48 көкпар ойынын тоқтатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында жыл басынан бері карантин режимін бұза отырып, ұлттық спорт түрі «көкпар» өткізудің 48 жайты анықталған. Аталған жайттарды рейд барысында анықтаған полицейлер шара қолдану үшін қажетті құжаттарды жинақтап, тиісті орындарға жолдауда.
Соған қарамастан, карантиндік шектеу шараларын елемейтін азаматтардың саны азаймауда.
Осындай адамдар тобын көптеп жинап, көкпар өткізудің кезекті жайты Шардара ауданында анықталды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Көксу ауылдық округіне рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Көксу ауылы маңында 100-ге жуық адамның қатысуымен өткізіліп жатқан «Бата көкпар» тоқтатылып, полиция қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көкпарға жиналған халық бірден тарқатылды.
Көкпарды ұйымдастырушы Шардара ауданының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша материалдар жинақталып, әкімшілік хаттама толтыру үшін СЭББ-ға жіберілді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, бұқаралық спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуден бас тартуға кеңес береді. Карантин кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау қажет. Сондай-ақ, медициналық бетперде тағып, антисептиктер қолданып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жөн.