Түркістан облысының ПД бастығы полицейдің отбасын баспаналы болуымен құттықтап барды
Түркістан облысының ПД бастығы Қайрат Дәлбеков қайтыс болған полицейдің отбасын баспаналы болуымен құттықтап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков іссапармен Төлеби ауданына барды. Онда қызмет атқарып жүріп, қайтыс болған полицей Рахат Құлтаевтың шаңырағына арнайы ат басын бұрды.
Осыдан бір ай бұрын 16 қараша күні Қайрат Дәлбеков Төлеби ауданына барып, аудан әкімі Бауыржан Омарбековпен, қайтыс болған полицей Рахат Құлтаевтың жұбайымен кездескен. Кездесу кезінде полицейдің жары Бахтыгүл Жетпісбайқызына полицейлер тарапынан өз еріктерімен шешім қабылданып, бір күндік жалақы аударылдып, бір ауыздан материалдық көмек көрсетілетінін айтқан. Оған қоса аудан әкімімен баспана мәселесін талқылаған болатын.
Міне бүгін сол кездегі кездесудің нәтижесі, яғни Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өз еріктерімен бір ауыздан қайтыс болған полицейдің отбасына материалдық көмек ретінде бір күндік жалақыларынан қаржыларын аударып, Бахтыгүл мен оның балаларының өз үйлері болмағандықтан әкімдік тарапынан баспана беріліп, сол қуанышпен арнайы құттықтау үшін департамент бастығы Төлебиге барды.
Қ.Дәлбеков полицейдің жұбайы Құлтаева Бахтыгүлмен және оның ұл-қыздарымен тікелей жүздесті. Олармен бірге қызметін адал атқарып, үлгілі басшылардың бірі болған алайда қызмет барысында денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болған полицей Рахат Құлтаев жайлы естеліктермен бөлісті. Балалары әкесінің қызметте қандай полицей болғаны жайлы департамент бастығының өз аузынан естіп, өскенде әке жолын жалғастырамыз деп, алдарына қойған мақсаттарын айтты.
– Қайтыс болған қызметкерлердің әрбірі ешқашан назардан тыс қалған емес, олардың отбасыларына біздің тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетіледі. Қызметі үшін өмірін тәуекелге тігіп, қаза болғандар қаншама. Оған қоса өз міндетін адал атқарып жүріп, өмірден өткен полицейлер де аз емес. Сондықтан олардың еңбек жолы кейінгілерге үлгі!, – деп атап өтті облыстың бас полицейі Қ.Дәлбеков.
Еске сала кетейік, қайтыс болған полиция подполковнигі Рахат Құлтаев 1974 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. Ол өзінің ішкі істер органындағы қызметін 1996 жылы 13 маусымда бастаған. Сол уақыттан бері қиын да, абыройлы қызметтің нағыз маманы ретінде өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Қазығұрт пен Төлеби аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшелерінің бастығы лауазымында да қызмет істеп, өзінің іскерлігімен көзге түскен. Еңбегі басшылық тарапынан еленіп, бірнеше марапат пен мадақтарға қол жеткізген. Алайда сұм ажалдың кесірінен 2020 жылдың 6 мамырында 46 жасында қайтыс болды.
Бүгінде оның артында жан-жары Бахтыгүл, қос қызғалдағы Диана мен Данара атты қыздары және ізбасар ұлы Мирас қалды.