Түркістан облысының полицейлері 700-ден астам той-жиынға тосқауыл болды
Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 700-ден астам той-жиынға тосқауыл болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемей, тұрғындардың өміріне қатер төндіріп, той жасайтындар қатары көп. Осы тұста айта кететін жайт жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері той-жиынның 734 жайтын тіркеді.
Мәселен, Ордабасы АПБ-нің тәртіп сақшылары өзінің үйінің ауласында беташар тойын өткізіп жатқан тұрғынды анықтады. Оқиға орнына мобильдік топпен полицейлер тез арада жетті. Тексеру кезінде тойға 60-қа жуық адам жиналғаны белгілі болды. Нәтижесінде аталған той тоқтатылып, құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды.
Осыған ұқсас тағы бір жайт Отырар ауданында да анықталды. Онда жергілікті тұрғын карантин режиміне қарамастан үйіне 50-ден астам адамды жинап, келін түсіріп, беташар тойын өткізген. Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілді.